ШҚО құтқарушылары қатарында тәуелсіздік құрдастары еңбек етуде

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті қатарында тәуелсіздік құрдастары еңбек етуде, деп хабарлайды Kazinform.

Өрт сөндіруші
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Осыдан дәл 32 жыл бұрын дүниеге келген Нұржан Лұқбеков тәуелсіздік құрдасы екендігін мақтан ететіндігін жеткізді.

«Ата-анам мен жақындарымның маған артқан үмітін ақтауға тырысамын. Өмірде әлі ойға алған талай шаруаны атқаруым керек. Қазір Санжар мен Әрсен атты екі ұл тәрбиелеп отырмын. Қызметте әріптес өрт сөндірушілермен үнемі оттың ортасында жүреміз», - дейді азаматтық қорғау аға сержанты.

Ол Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылының №26 өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып жұмыс істейді. 11 рет дала өртіне, «Берел» орманшылығындағы жалынмен күреске қатысқан. Төзімділік танытып, жетуі қиын таулы жерлерде жалынды ауыздықтады.

Нұржан спортты да жанына серік етіп, бірнеше рет футболдан жарыста жеңіске жетті.
Ал Өскемен қаласының №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ерлік Жағыпаров 10 жылдан астам уақыт бойы өртпен күресіп келеді.

Өрт сөндіруші
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

«Ауысымға келе сала қарбалас басталады. Өйткені біздің бөлім қаланың ең тығыз қоныстанған аймағында орналасқан. Жұмыстан бос уақытымды отбасыма арнаймын. Әйелім де тағдырдың қалауымен құтқарушылар қатарында. Ол Өскемен қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің диспетчері. Ел тәуелсіздігінің құрдасы екенімді мақтан тұтамын», - дейді ол.