ШҚО құтқарушылары биыл ғарыштан бақылау арқылы 658 өрттің таралуын уақтылы тежеді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жыл басынан бері ғарыштан бақылау арқылы 658 өртті дер кезінде сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдің кей аудандарында жылы және жауынсыз ауа райынан өрт қаупі сақталуда. Мәселен, қазіргі уақытта Риддер, Алтай қалалары, Катонқарағай ауданы, Күршім ауданы Марқакөл ауылында табиғи өрт шығу қаупі бар.
«Қызыл жалынды бірден ауыздықтау мақсатында құтқарушылар «Geosat» ЖШС-мен шарт жасасып, ғарыш мониторингін қолдануда. Жыл басынан бері осындай бақылаудың көмегімен 658 термонүкте анықталған. Барлық жерге шұғыл аттанған өрт сөндірушілер тілсіз жаудың таралуын уақтылы тежеп үлгерді», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, адамдардың жауапсыздығынан да өңірде өрт аз шығып жатқан жоқ. Биыл өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 28 адам ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.