ШҚО құтқарушылары қар құрсауында қалған адамдарға көмектесті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар қар құрсауында қалған көлікті шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО құтқарушылары қар құрсауында қалған адамдарға көмектесті

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Карагужиха ауылынан Mitsubishi Pajero автокөлігімен Риддер қаласына қарай бет алған екі адам жолда қалған.

«Оқиға орнына бірден құтқарушылар аттанды. Олар Волчиха ауылынан 17 шақырымдай жерде көліктері қарға батқан азаматтарға көмек көрсету үшін жол талғамайтын «Трэкол» техникасымен келіп жетті. Көп ұзамай көлік қар құрсауынан шығарылды. Екі ер адамға медициналық көмек қажет болған жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында бірқатар тасжолдың қайта ашылғанын хабарлаған болатынбыз.