ШҚО құтқарушылары жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындарға ескерту жасады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 1347 өрт болған.

ШҚО құтқарушылары жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындарға ескерту жасады

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ринат Қондыбаев жаңа жылдық мерекелерде өрт оқиғаларының саны күрт артатынын айтып, қауіпсіздік талаптарын еске салды.

Оның сөзінше, өрт ашық жалын, ақауы бар гирлянды және пиротехниканы абайсыз қолданудан пайда болады.

Қазір қыстың нағыз қаһарына мінген кезі. Осыған қарай тұрғындар да үйдегі пештерін толық қуатында пайдалана бастайды. Осындай жағдайда ақауы бар пештен өрт шығады. Сондықтан пештің қатты қызып кетпеуін назарда ұстау қажет. Сондай-ақ ұйқыға жатудан 3 сағат бұрын пешті сөндірген жөн»,-дейді Ринат Қондыбаев.

Сонымен қатар, жаңа жыл түнінде гирляндылар мен пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын мықтап қадағалаған жөн. Ол үшін осы өнімдерді мамандандырылған арнайы дүкендерден сатып алу керек және оларды балалардың пайдалануына жол бермеу керек. Пиротехниканы ғимараттардан кемінде 50 метр қашықтықта әрі ашық кеңістікте іске қосу қажет. Салютты балкондарда немесе үйлердің терезелерінде тұрып қолдануға тыйым салынады.

Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 қаңтарында ауа температурасы -36 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. ШҚО ТЖД ТЖ жою басқармасының бастығы Бауыржан Жүрекбаев ауа райы жағдайын ескере отырып, халыққа қала сыртына шықпауға кеңес берді.

«Қазір ауа-райы тұрақты, барлық бағыттар бойынша жол ашық. Соған қармастан аса қажеттілік болмаса қала сыртына шықпаған жөн. Себебі күн қатты суытуы мүмкін деген болжам бар. Егер сапарға шығуға тура келсе, жолға жылы киім алып, мобильді құрылғыларды толығымен зарядтап, туыстарыңызға баратын жеріңіз туралы ескерту керек. Кез келген уақытта ауа температурасының өзгеруі және жолдардың жай-күйі туралы ақпаратты бақылау үшін біз «Дәрмен» мобильді қосымшасын жүктеуге кеңес береміз, онда барлық қажетті ақпарат уақытылы пайда болады», - деп атап өтті Бауыржан Жүрекбаев.

Өскемен қаласының ТЖБ аға офицері Валентин Литвиненко ШҚО тұрғындарына ашық мұзға шыққанда абай болу керектігін ескертті.

«Күн суыта бастағанда су айдындарында төтенше жағдайлар қаупі артады. Мұздың қалыңдығы 10 сантиметр болғанда ғана оны адамдар үшін қауіпсіз деуге болады, ал автомобильдер үшін қалыңдығы 30 сантиметр болуы керек. Мұздың беріктігін көзбен шолып анықтауға болады көк түсті мұз берік, ақ түсті мұздың беріктігі шамамен одан 2 есеге төмен. Сондай – ақ, түнгі уақытта нашар көрінетін болса мұзға шығуға болмайды, - деп қорытындылады Валентин Литвиненко.

Жаңа жылдық мерекелерде ШҚО ТЖД құтқарушылары күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Өрт қауіпсіздігін 380-нен астам адам, 109 өрт сөндіру техникасы қамтамасыз етеді. Облыс жолдарында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу қажет болған жағдайда ТЖ департаментінің қарамағында 155 бірлік техника бар. Апаттар медицинасы қызметі, «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесі жоғары дайындықта.