ШҚО құтқарушылары жетуі қиын су айдындарының жағалауын атқа мініп патрульдеуде
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар, полицейлер мен орманшылар атқа мініп, рейдке шықты.
Олар саяжай учаскелерінде, ормандарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушыларды жедел анықтау және жетуі қиын су айдындарының жағалауларында жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін патрульдеуде.
Қазіргі уақытта мобильді топтар өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 35 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ тыйым салынған жерлерде шомылғандар да жауапқа тартылып жатыр.
«Профилактикалық рейдтерге атпен шығып жүргенімізге бірнеше жыл болды. Бұл адамдар тыныштықта демалғысы келетін таулы-тоғайлы жерлерді қамтуға мүмкіндік береді. Біз олармен сөйлесіп, өрт қаупі жоғары кезеңде от жағуға болмайтынын және құтқарушылар мен дәрігерлер жоқ жабдықталмаған жерлерде шомылуға тыйым салынғанын түсіндіреміз. Полицейлермен бірге су айдындарында алкогольді ішімдік ішілмеуін де қадағалаймыз», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.