ШҚО құтқарушылары жолда қалған дәрігерлерге науқасқа жетуге көмектесті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жолда қалған дәрігерлерге көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай қаласында жедел жәрдем қызметкерлері бірнеше күн бойы ауырып жатқан науқасқа қарай жолға шыққан.
Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты қала шетіндегі саяжай қауымдастығында орналасқан жер үйге жете алмай қалды.
«Оларға көмекке құтқарушылар өтімділігі жоғары техникамен келді. Жетуі қиын жолдан тез өтіп дәрігерлерді ер адамның үйіне дейін апарып тастады. Тексерістен соң науқасты ауруханаға жатқызу қажеттігі белгілі болған. Департамент қызметкерлері ақ халаттылар мен азаматты жедел жәрдем көлігіне жеткізді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.