ШҚО құтқарушыларына күн сайын 300-ден астам қоңырау түседі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушыларына күн сайын 300-ден астам қоңырау түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «101» және «112» желілеріне күн сайын 300-350 қоңырау түседі. Хабарласқандар көбінесе оқыс оқиғаларға тап болып немесе өрт шыққанын айтып көмек сұрайды.
«Алайда кейде қызық қоңыраулар болады. Бірде Өскемен тұрғыны пәтерінде жолбарыс жүргеніп айтып, өзін құтқаруды сұрады. Алайда ТЖД қызметкерлері сол жерге жеткенде ешқандай жыртқыш аң жоқ болып шықты», - делінген ақпаратта.
Бірде Өскемен қаласында құтқарушыларға қоңырау шалған әйел Образцовая көшесіндегі үйде өрт шыққанын жеткізді. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер пәтерден жанып тұрған майшамды көрді. Сөйтсе, ол жерде ер адам сүйіктісіне романтикалық кешкі ас ұйымдастырған екен.
Кейде адамдар лифтте қамалып қалып, көмек сұрайды. Диспетчерлер ондай кезде психолог болып, азаматтарды сабырға шақырады.