ШҚО-лық шаруагер туған ауылын дамытып, мұқтаж жандарға үй салуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданынында тұратын шаруагер Владимир Акуловтың кіндік қаны тамған Камышинка ауылынан көшкісі жоқ. Жергілікті жұртты жұмыспен қамтып отырған ол жыл сайын өз есебінен 5-6 үй салады.

ШҚО-лық шаруагер туған ауылын дамытып, мұқтаж жандарға үй салуда

Камышинка ауылы Өскемен қаласынан 150 шақырымдай жерде орналасқан. Сол ауылдың тумасы Владимир Акулов 20 жылдан астам уақыт бұрын «Камышинское» шаруа қожалығын құрған.

«Бізде 550 адам мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысады. Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. Жыл сайын өз есебімізден 5-6 үй саламыз. Мейлі мұғалім, механизатор немесе әлеуметтік қызмет көрсету саласының маманы болыңыз, ең бастысы адал жұмыс істесеңіз сізге баспана беруге тырысамыз. Өздерін жайлы сезініп, еш кедергісіз жұмыс істесе болды, - деді В.Акулов.

Өз сөзінде ол жылына екі мыңға жуық шырша отырғызатындықтарын айтты. Биыл шыршадан басқа елордадан әкелінген сегіз жүз терек отырғызылған.

«Ауылдарды дамытып, саябақтарды абаттандырып жатырмыз. Пругерово елді мекеніне балалар ойын алаңы салынды. Енді Камышинкада да бой көтереді. Мектеп үзілістері кезінде бүлдіршіндер осында ойнайтын болады. Балалардың үйде интернетте отырмай, таза ауада жүргендері дұрыс қой», - дейді ол.

Шаруагер жыл сайын әр түрлі әлеуметтік жобаларға 50 миллион теңге инвестиция құйып, ауыл тұрғындарына пайызсыз несие береді.