ШҚО: Мас азамат «коронавирус жұқтырдым» деп дәрігерлерді әбігерге салған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғыны «1406» call-орталығына хабарласып, коронавирус жұқтырғанын айтқан. Тексере келе оның сөзі жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО: Мас азамат «коронавирус жұқтырдым» деп дәрігерлерді әбігерге салған

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адам 25 наурызда тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа қоңырау шалған. Ол операторға жуықта Таиландттан келгенін, өзінде ЖРВИ белгілері бар екендігін айтқан.

«Дереу жеткен мамандар 39 жастағы тұрғыннан вирустық инфекцияның белгілерін байқамады. Дені құлан-таза сау азаматтың ішімдік ішіп алғаны белгілі болған. Сондай-ақ тексеру кезінде өскемендіктің шетелге шықпағаны анықталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Жалған мәлімет бергені үшін ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы 1-бөлігі бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.