ШҚО мектептерінде мерекелік шараларды тек сынып арасында өткізуге рұқсат берілді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде мерекелік шараларды тек сынып арасында өткізуге рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірде шектеу шаралары біршама жеңілдетілді. Алайда соған қарамастан наурыз айындағы мерекелер қарсаңында білім беру нысандарында кейбір карантин талаптары қатаң сақталуы қажет.
«Балалар мен жасөспірімдер арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары әлі де анықталып жатыр. Аурудың таралу қаупін ескере отырып, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында бұқаралық шараларға, сондай-ақ топтар мен сыныптарды біріктіре отырып өткізілетін шараларға тыйым салынды. Осыған байланысты, мектептер мен балабақшалар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, тек бір топ, бір сынып ішінде мерекелік шараларды өткізе алады», - делінген ақпаратта.
Ата-аналар мен келушілерге «Ashyq» қосымшасында «көк» немесе «жасыл» статусы болған кезде ғана кіруге рұқсат беріледі.