ШҚО мектептерінде аз қамтылған балаларға екі есе аз нан беріліп отырған

асхана
Фото: Freepik

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде аз қамтылған балаларға екі есе аз нан беріліп отырғаны анықталды.

Облыс прокуратурасы аз қамтылған отбасынан шыққан 9 501 баланың құқығын қорғады.

Талдау барысында мектеп асханаларында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, мемлекет есебінен тамақтанатын оқушылардың тамақтану нормалары заңсыз төмендетілгені анықталды.

«11-14 жас аралығындағы оқушыларға арналған нан нормасы күніне 35 грамм, ал 15-18 жас аралығындағы балаларға күніне 40 грамм болуы тиіс. Іс жүзінде балаларға нормадан 2 есе аз, яғни күніне 20 грамм нан берілген», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар мектеп асханаларында тамақтандыру бойынша қызмет көрсететін 11 кәсіпкерден төлем кезінде қосылған құн салығы заңсыз алынып отырғаны белгілі болды.

Оларға 1 оқушыға 620 теңгенің орнына 553 теңгеден төленіп отырды.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша облыстық білім басқармасының 7 лауазымды тұлғасы, оның ішінде басшының орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

9 501 оқушыға тамақтану нормалары ұлғайтылып, 11 кәсіпкерге заңсыз ұсталған сомасын өтеу үшін қайта есептеліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар