ШҚО-ның Алтай ауданында 24 үйдің ауласына су кіру қаупі төнді

су тасқыны
Фото: видеодан алынды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында 24 үйдің ауласына су кіру қаупі төнді.

Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгін жауын-шашынның мол түсуінен Алтай ауданы Зубовск кентіндегі Бұқтырма өзенінің су деңгейі көтерілді. Соның салдарынан 5 тұрғын үйге және 24 үйдің ауласына су кіру қаупі төнген.

«Аудан әкімдігі мен ТЖД алдын ала іс-қимылдарының арқасында тұрғын үйлерді су басу қаупінен сақтап қалды. Өзен жағалауы алдын ала нығайтылып, су тасқынына қарсы шаралар жүргізілді», - делінген ақпаратта.

Тұрғындар эвакуациядан өз еріктерімен бас тартқан. Қазір олар туыстарына уақытша орналастырылды. Ауыл мектебі қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов пен облыстық ТЖД бастығы Ерғали Бахаев ауданға келіп, жағдайды өз бақылауына алды. Тікұшақ арқылы аудандағы өзен деңгейін бақылау жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ Катонқарағай ауданы Коробиха ауылында да өзен деңгейі көтерілген. Су тұрғын үйлер мен үй маңындағы аумақтарға енбей, көшелер бойындағы транзитпен өтті.

Соңғы жаңалықтар