ШҚО-ның 11 ойын-сауық орталығынан 167 бұзушылық анықталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында өртке қарсы қызмет өкілдері сауда және ойын-сауық орындарын жоспардан тыс тексеруде. Бүгінге дейін 11 орталықтан 167 заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс бойынша өрт қауіпсіздігін пысықтау мақсатында 97 нысан тізімге алынған болатын. Облыстық төтенше жағдай қызметкерлері соның 11-ін тексеріп үлгерген. Мамандардың айтуынша, ең көп кездесетін заңсыздықтар қатарына апаттық есікті бекітіп тастау, электр желілерінің қабаттасып тартылуы, өрт дабыл автоматының жұмыс істемеуі сияқты ақаулар енген.
«Сауда орындарында өрт қауіпсіздігінің ең бір қарапайым талаптары орындалмайтыны анықталып отыр. Шылым шегетін арнайы орынның болмауы, автотұрақ алаңында өрт сөндіру көлігіне арналған жолдың қарастырылмауы, ағаш қаптамалардың оттан қорғайтын затпен өңделмеуі, жанармайды отқа жақын жерде сақтау сияқты олқылықтар жиі кездесті» - дейді ТЖД өкілі Ренат Қондыбаев.
Өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін 11 адамға әкімшілік шара қолданылмақ. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі - 300 мың теңге.
Тексеру барысында сауда орындарының қызметкерлеріне төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігі деп түсіндірілуде. Осы мақсатта 9 рет тәжіриебелік сабақ өткізілген.