ШҚО-ның 4 ауданында төтенше жағдай сақталады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бірнеше күнгі тасқын салдарынан Зырян ауданының 9 ауылын су алып, 300-ден астам үйге су кірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті су басқан 4 ауданда әлі де болса төтенше жағдай сақталатынын хабарлады. Қазір негізгі күш Зырян және Катонқарағай аудандарына бағытталған. Зырян ауданының 9 ауылын су алып, 800-ге жуық адам үйлерін тастап шықты. Оның көбі туысқандарын паналауда. Құтқару қызметінің психологтары үйлерін су алған тұрғындармен тыңғылықты жұмыс істеуде.
«Тұрғындар апаттың зардабын өте ауыр қабылдауда. Біз шамамыздың келгенінше көңілдерін аулап, жақсы дүниелер ойлатуға тырысып жатырмыз» - дейді құтқарушы психолог Оксана Петрова.
Уақытша баспаналарда апаттық медицина орталығының мамандары да жұмыс істеуде. Жергілікті құтқарушыларға Қазақстан мен Алматы облысынан қосымша жасақ пен сорғытқыш құралдар жеткізілген.
Семейде Ертіс сабасына түсіп, үйлерге кірген су қайта бастады. Коммуналдық қызмет өкілдері судан босаған учаскелерді батпақ пен мұз кесектерінен тазартуда.


