ШҚО-ның бұрынғы аудандарын қалпына келтіруге 10-15 млрд теңге керек – ҰЭМ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Шығыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарын, бұрынғы Күршім және Марқакөл аудандарын қайта бөлу мүмкіндігі туралы ведомство ұстанымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шекара маңындағы аудандарды қалпына келтіру мәселесін бұған дейін Үржар, Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарындағы бұрынғы аудан орталықтарының тұрғындары көтерген болатын.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, бұрын жергілікті және аумақтық атқарушы органдардың аудандық бөлімдері орналасқан барлық бұрынғы ғимараттар коммуналдық меншікте сақталмаған (бұзылған немесе жекешелендірілген және аукцион арқылы сатылған)», - деп жазылған вице-министрдің ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында.
Ведомство мамандары аталған аудандарды қайтадан дербес аудан етіп шығарудың шығындарын есептеген көрінеді.
«Тиісті есептеулер нәтижесі бойынша әкімшілік ғимараттарды салу, күрделі жөндеу жүргізу, мемлекеттік органдардың штат санын ұстау және материалдық-техникалық базаны нығайту үшін нақтыланған деректер бойынша әр ауданды қайта қалпына келтіруге шамамен 10-15 млрд теңге қажет», - делінген жауапта.