ШҚО-ның қай қала, ауданында коронавирус жұқтырғандар жиі тіркелді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 пандемиясы басталғалы бері 60 мыңға жуық адам вирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы тәулікте өңір бойынша 36 адамнан коронавирус анықталған. Оның ішінде 34 науқастан ауру симптомдары байқалды. Жалпы облыс стационарларында төсек-орын қорының жүктемесі – 10,6 пайызды құрап отыр.
«COVID-19 пандемиясы басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 59 338 адам вирус жұқтырды. Оның ішінде Өскемен қаласында – 22 032 (жалпы санның 37 пайызы), Семейде – 19 663 (33%), Глубокое ауданында – 2884 (4,9%), Риддерде – 2257 (3,8%), Алтай ауданында – 2042 (3,4%) пациент тіркелді. Ал коронавирусқа шалдыққандар саны бойынша ең төменгі орында – Күршім (323 науқас), Үржар (205), Абай (191) аудандары тұр», - делінген ақпаратта.
Бүгінде Шығыс Қазақстан бойынша ПТР-сынамаларды тексеруді 19 зертхана жүргізеді. Осы уақытқа дейін облыс жұртшылығы сол зертханаларда 1 393 763 рет сынама тапсырған. Оның 4,3%-ында коронавирус табылды.