ШҚО-ның коммуналдық мекемелерінде жалақы қаншаға артады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы коммуналдық қызмет мекемелерінде маман тапшылығы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-ның коммуналдық мекемелерінде жалақы қаншаға артады

Облыс халқын жылумен, сумен, жарықпен қамтамасыз етіп отырған коммуналдық қызмет көрсететінг мекемелерде маман тапшы. Шығыс Қазақстан облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің мәліметіне сүйенсек, бұған жалақының аздығы себеп болып отыр.

«Өткен жылдың өзінде коммуналдық қызметтерден 2 мыңға жуық адам жұмыстан шыққан. Оның ішіндегі 90 пайызы жұмыстан өз еркімен кетті. Жағдайды түзетіп, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының талапқа сай жүруі үшін өңірдегі коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар жалақыны көтермек», - дейді департамент басшысы Арман Мәлік.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы электрмен жабдықтау саласындағы кәсіпорындардың жұмысшыларына жалақы екі есеге дейін өседі.

«Электр энергиясы саласындағы кәсіпорындар 350-ден астам жұмысшының жалақысын 140 мың теңгеден 247 мың теңгеден астамға көтермек.

Жылумен қамту саласындағы бір жарым мыңнан астам жұмысшының жалақысы жоғарылайды. Нақты айтқанда, 167 мың теңгеден 227 мың теңгеге дейін көтеріледі. Өсім 36 пайызды құрайды.

Сумен жабдықтаушы мекемелердің 670-тен астам жұмысшысының еңбекақысы 112 мың теңгеден 146 мың теңгеге дейін көтеріледі», - дейді А.Мәлік.