ШҚО-ның Қызылту өткелінде 7 көлік суға батты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қызылту өткелі жабылғалы бері жеті көлік су астына кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-ның Қызылту өткелінде 7 көлік суға батты

Қаңтардың аязынан кейін су бетіндегі мұз беті қалыңдады деген ой тұрғындарды көзсіз тәуекелге жетелеуде. Ал, Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының мамандары пором тоқтағалы жеті көлік суға кеткенін айтып отыр.

«Қыс басталғалы жеті көлік су астына кетті. Бір көлік Ақсуат ауылының тұсында, екеуі өткелдің маңайында 15 метр тереңдікте, қалған төртеуі Алғабас ауылының төңірегінде жатыр. Соңғы төрт көлік балықшылардікі болған»,- дейді судан құтқару қызметінің маманы Анатолий Рожков.

Мамандар қазіргі таңда Бұқтырмадағы мұздың қалыңдығы 36 сантиметрге жеткенін айтады.

«Мұздың қалыңдығы уақтылы өлшеніп тұрады. Қазіргі таңда өткелден салмағы 2,5 тоннаға дейінгі көліктер ғана өте алады» - дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы Нұрбек Тұраров.

Алайда Анатолий Рожков сәл жылымық сезілсе, мұз жіпси қалатынын айтады.

«Мұндай мұзбен қандай қалың болса да жүру қауіпті. Әсіресе балықшылар құтқарушылардың сөзіне құлақ аспайды» - дейді маман.