ШҚО-ның мас тұрғыны пәтерінен өрт шығарды, 4 адам эвакуацияланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат — Шығыс Қазақстан облысының мас тұрғыны пәтерінен өрт шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО-ның мас тұрғыны пәтерінен өрт шығарды, 4 адам эвакуацияланды

Оқиға Өскемен қаласының Б. Гагарин көшесінде болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде, тоғыз қабатты үйдің төртінші қабатындағы екі бөлмелі пәтер жанып жатқанын анықтаған. Жатын бөлмеде 0,5 шаршы метр аумақта төсек орын жабдықтары отқа оранған.

«Өрт сөндірушілер қауіпсіздік мақсатында 4 тұрғынды эвакуациялады, олардың арасында бір бала бар.

Барлау кезінде газ бен түтіннен қорғау қызметі түтінге оранған пәтер ішінен 1972 жылғы ер адамды құтқарып шығарды. Ол 1-ші қалалық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің қарауынан кейін үйіне жіберілді», - деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен.

Мәлім етілгендей, өрттің шығуына пәтер иесінің алкогольдік мас күйде отты абайсыз пайдалануы болған.

«ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керектігін және төсекте жатып темекі шегуге болмайтынын еске салады. Үйіңізде өрт сөндіру құралын сақтаңыз. Өрт кезінде 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз», - деді ведомстводан.