ШҚО-ның өндіріс орындарында жыл басынан 15 жұмысшы қаза тапты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 199 жұмысшы өндірісте жарақат алған, оның 15-і қаза тапты. Бұл деректер облыстық Кәсіподақтар орталығында өткен актив жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
2013 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісі елімізде Еңбек күні ретінде белгіленген. Басқосу осы айтулы датаға орай ұйымдастырылды.
«Қазцинк» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Сергей Солдатовтың айтуынша, былтыр облыста 199 еңбеккер өндіріс жарақатын алған, өкінішке қарай соның 15-і қайтыс болған. Кәсіпорындарда түрлі жарақаттардың көп болуына негізгі себеп - қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, жұмысшыларға нұсқаулықтың берілмеуі. Сергей Солдатов жазатайым жағдайларды азайту үшін кәсіпорындардағы техникалық инспекторлардың біліктілігіне жіті назар аудару қажеттігін жеткізді.
«Техникалық инспектор еңбеккерлермен қауіпсіздік туралы дәрістер өткізіп, ақыл-кеңес беріп, ескерту жасап жүруі керек», - дейді ол.
Жиында сөз алған мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстық басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов жыл басынан бері өзі жетекшілік ететін ведомствоның еңбек ұжымдарында 417 кемшілік анықталғанын алға тартты.
Еңбек адамының құқығын бұзудың ең өрескел формасы - еңбекақысын толық төлемеу немесе уақытынан кешіктіріп төлеу.
«Облыста жыл басындағы жағдай бойынша еңбекақы берешегі 705 миллион теңгені құраған-ды. Инспекцияның араласуымен қазір бұл қарыздың 606 миллион теңгесі төленген. Қалған берешегі бар 6 кәсіпорынмен жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Бақытбек Қизатов.
Осы ретте атап өтерлік мәселе - көптеген жұмыс берушілердің еңбеккерлермен тиісті шартты жасамауы. Осыдан келіп көптеген түйткілдер туындап жатады. Сол себепті әр азамат жұмысқа орналасқан сәтте еңбек шартының жасалуын қатаң талап етуі тиіс.
Осыған орай, қазір Үкімет еңбек шарттарын электронды форматқа көшіруді бастап отыр, оның мақсаты - саладағы жариялылықты қамтамасыз ету.