ШҚО-ның орман шаруашылығына 15 жыл күткен қаржы бөлінді
Шығыс Қазақстанда елдегі орман қорының 49 пайызы шоғырланған. Облыстағы орман қауіпсіздігіне жауапты 13 мекеменің де материалдық-техникалық базасы жұтап тұрғаны талайдан бері айтылып жүр.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы саланың техникалық жабдықталу деңгейі 47 пайыздан аспайтыны туралы ақпарат та таратқан. Ол ақпарат бойынша ұсақ жабдықтардан бөлек 35 шынжыртабан мен трактор, 17 өрт сөндіргіш көлік, жеті патрульдік көлік қажет болатын. Бүгін сол дабылдан нәтиже шығып, сең қозғалғандай.
Облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа 37 техника мен құрал-сайман алыныпты.
«Соңғы 15 жылда біздің салаға мұндай қаражат бөлінген жоқ. Көрсетілген сома өткен жылдың аяғында облыс бюджетінен бөлінген. Оған 13 өрт сөндіргіш көлік, 13 шынжыртабан, 7 трактор және 4 патрульдік «УАЗ» көлігі алынды. Бұдан бөлек өрт сөндіруге қажет құрал-саймандар сатып әкелінді» - дейді табиғи ресрурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мерғазы Қабдырғалиев.
Бұл қаражат аталған 13 мекеменің техникалық қажеттілігін біршама өтегенмен, маман тапшылығы әлі де өзекті. Мерғазы Қабыдырғалиевтің айтуынша, сала қызметкерлерінің саны министрлік бекіткен штаттық нормативтің 63 пайызын ғана құрайды. Ал орман күтіміне жауапты мамандардың еңбекақысы тек 2019 жылы артады деп күтілуде.