ШҚО-ның Үржар ауданында егістік көлемі ұлғайтылды
ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Биыл Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында егістік көлемі ұлғайтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан бойынша егіс алқабы 188523 гектарды құрайды деп жоспарлануда. Бүгінгі күні диқандар техникаларын толығымен жөндеп, егістік жұмыстарын бастап кетті.
«Көктемгі дала жұмыстарына, 109,2 мың гектар аумаққа егін егу жұмыстары аяқталды. Оның ішінде 60,2 мың гектар жерге сүдігер, 43,9 мың гектарға көпжылдық малазықтық дақылдар, 5,1 мың гектарға күздік бидай егілді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 0,4 мың гектарға артық. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда биыл егістік көлемі ұлғайтылды»,-дейді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тәуіржан Шоманов.
Биыл шаруашылықтарға топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында 5,1 мың тонна минералды тыңайтқыш әкелінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,4 мың тоннаға көп. Арамшөптер мен зиянкестерге қарсы гербициттердің барлық түрлері өткен жылдағыдан 1,4 мың тоннаға артық, яғни 18,7 мың тонна алу жоспарлануда.
Аудан бойынша биылғы жылдың көктемгі егіс жұмыстарына 7,5 мың тонна дәнді-дақылдар тұқымы дайындалған. «ҚазАгрЭкс» акционерлік қоғамының Үржар аудандық филиалының зертханасы мамандарының мәліметі бойынша, тексерістен барлығы 7,5 мың тонна дәнді-дақылдар тұқымы өтті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан ағымдағы жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауданның ауылшаруашылық құрылымдарына 3160 тонна дизель отыны бөлініп отыр. Дизель отыны Үржар өңірі бойынша «ӘлемТрансОйл» ЖШС мен Мақаншы өңірі бойынша «Технэ Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, Таскескен өңірі бойынша «ВостокМұнайГазСтрой» ЖШС босатуда.
Фото: agriacta.com