ШҚО өнер адамдары жаңа мәдениет нысандарының салынуын қолдайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтық құрылыс» жылына орай өңірлерде әлеуметтік нысандар салуға басымдық берді. Жоспарға сәйкес, 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтеріп, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық мекеменің құрылысы басталады.
Атап айтқанда, перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары салынады. Сонымен қатар мәдениет саласын дамытуға да көңіл бөлінбек.
Бұл жаңалық өнер адамдарының көңілінен шықты. Әсіресе, мәдениет үйлерінің салынуы шығармашылық қауым үшін маңызды. Өйткені мәдениет ошақтары — ұлттық өнерді насихаттап, жас таланттарды тәрбиелейтін рухани орталықтар.
Шығыс Қазақстан облысында да театр өнері мен мәдениеттің өзіндік орны бар. Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театры өңірдің мәдени өміріне үлес қосып, көрерменге рухани тәрбие беріп келеді. Театр сахнасында қойылатын қойылымдар халықтың өнерге деген қызығушылығын арттырып, ұлттық және әлемдік драматургия үлгілерін насихаттауға мүмкіндік береді.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Арника Байбосынованың айтуынша, мәдениет нысандарының көбеюі өнер адамдарына да, көрермендерге де жаңа мүмкіндіктер ашады.
— Біз, өнер адамдары, мәдениет үйлерінің салына бастайтынына ерекше қуанамыз. Мәдениет ошақтары — өнердің дамуына, жас таланттардың танылуына жол ашатын маңызды орындар. Театрлар мен мәдениет үйлері халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге де ықпал етеді. Сондықтан өңірлерде мәдениет нысандарының көбейгені өнердің өркендеуіне серпін береді деп сенемін, — деді Арника Байбосынова.
Мәдениет мекемелерінің дамуы — өңірлердің рухани әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа мәдениет үйлері мен қолданыстағы театрлардың қызметі шығармашылық кездесулер өткізуге, жас таланттарды қолдауға және өнерді халыққа жақындатуға мүмкіндік береді.