ШҚО ормандарында өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупінің ең жоғары, бесінші класы тіркелді. Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауына байланысты соңғы бір апта ішінде өңір ормандарында 4 рет өрт шықты.

орман өрті
Фото: ТЖМ

Қазір Риддер қаласындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы өрт әлі сөндіріліп жатыр. Бұған дейін өрт ошақтары Өскемен, Самар орманшылықтарында және Бұқтырма су қоймасының жағалауында тіркелген болатын.

- Аумағы жағынан бұл аса ірі өрттер емес. Төрт өрттің ішіндегі ең ауқымдысы Бұқтырмадағы «Аюда» демалыс базасының маңында болды, оның көлемі 13 гектар болды. Дегенмен жедел әрекет етудің арқасында қызыл жалын ауыздықталды. Біздің басты міндетіміз - ірі көлемдегі орман өрттеріне жол бермеу. Ал қазіргі ауа райы жағдайына байланысты шағын өрттер әлі де шығып жатыр, - деді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.

Өңірде үш аптаға жуық уақыт бойы жауын-шашынсыз ыстық ауа райы сақталып тұр. Соның салдарынан өрт шығу қаупі жоғары күйінде қалып отыр.

- Күн ысып келеді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өрт жағдайының одан әрі күрделене түсетінін ескертіп отыр. Өрт қаупі деңгейінің артуы болжанады, - деді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрамбеков.

Өрт қаупі маусымы басталғалы бері облыс аумағында 15 орман және 38 дала өрті тіркелген. Оның ішінде 10 өрт орман шаруашылықтары аумағында, тағы бесеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болған.

- Қазіргі таңда ауа райы өте ыстық. Болжам бойынша, шілде айы да аса ыстық болады, кей жерлерде ауа температурасы 50 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Барлық бөлімше тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, қажетті күштер мен құралдар жеткілікті, - деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Фархат Әмре.

Еске салсақ, осыған дейін Ресейде бір аптада 600-ге жуық орман өрті тіркелгені хабарланған.