ШҚО орманындағы өрт ошағына тікұшақпен 39 тонна су төгілді
АСТАНА. KAZINFORM — 20 маусым 2026 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Асу-Бұлақ КММ аумағында орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.
Өрт Примор орманшылығының «Аюда» учаскесінде анықталды. Өртті сөндіруге орман күзеті, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК және ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Өртті сөндіру жұмыстарына бірнеше жасақ тартылды. Атап айтқанда:
- «Қазавиаорманқорғау» РМК-ның Ми-8 тікұшағы мен авиациялық өрт сөндіру қызметі;
- Орман күзетінің 6 техникасы және 25 қызметкері;
- ТЖД-ның 5 техникасы мен 20 қызметкері тартылды.
— Тікұшақ арқылы өрт ошағына жалпы көлемі 39 тонна су төгілді. Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай бақылауда, — делінген хабарламада.
Комитет өрт қауіпті кезеңде орманда және табиғат аясында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды сұрады:
— От жақпаңыз;
— Темекі тұқылын тастамаңыз;
— Қоқыс қалдырмаңыз;
—Табиғатқа ұқыпты қараңыз.
Бұдан бұрын ШҚО-да орманды шарпыған өртті ауыздықтауға 2 тікұшақ тартылғанын жазғанбыз.