ШҚО орманшыларында өрт сөндіруге арналған жабдықтар мен байланыс құралдары жоқ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы орманшыларда өрт сөндіруге арналған жабдықтар мен байланыс құралдары жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО орманшыларында өрт сөндіруге арналған жабдықтар мен байланыс құралдары жоқ

Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаевтың Риддер мен Черемшанка орман шаруашылығы қызметкерлерімен кездесуі барысында айтылды.

«Өкінішке қарай, орманшылардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мәселесі өзекті болып отыр. Орманшыларда өрт сөндіруге арналған жабдықтар, байланыс құралдары және өрт ошақтарын анықтауға арналған жабдықтар жоқ. Арнайы диалог кезінде орман шаруашылығы мамандарының барлық ұсынысы назарға алынды. Енді біз оны жүйелеп, Үкіметке жолдаймыз», - дейді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстанда еліміздегі ормандардың жартысынан астамы шоғырланған.

«Сондықтан бірінші кезекте орман өрттерін анықтау және алдын алу, браконьерлермен және заңсыз ағаш кесетіндермен күресу, ең бастысы, ауыл тұрғындарын өрттен қорғау үшін барлығын жасау қажет. Сондай-ақ орманшы мамандығының беделін көтеру керек», - дейді Ермек Көшербаев.

Еске салсақ, бүгін Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында орман өртінің таралуы тоқтатылған болатын.