ШҚО полицейлері 80-ге жуық борышкердің көлігін айып тұрағына жеткізді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері жол ережесін бұзып айыппұлды төлемей жүргендерден бір күн ішінде 6 млн теңге өндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында 18 тамыздан бастап «Борышкер» жедел алдын алу шарасын жүргізуде. Мұндағы мақсат – жол ережесін бұзған көлік жүргізушілерінен әкімшілік айыппұл өндіру.
Бір күн ішінде полиция қызметкерлері борышкерлерден 6 млн теңгеден астам ақша өндірді. Сондай-ақ 77 автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылған.
«Мәселен, жалпы сомасы 200 мың теңгеден асатын 20-дан астам айыппұлы бар Өскемен қаласының тұрғыны анықталды. Жүргізуші үнемі ереже бұзып, айыппұлды төлемей жүрген. Қазіргі уақытта оның автокөлігі айып тұрағына жеткізілді», - деді ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаров.
Айта кетейік, «Борышкер» жедел алдын алу шарасы 20 тамызға дейін жалғасады.