ШҚО полицейлері үш күнде 17 млн теңгеден астам айыппұл өндірді

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында «Борышкер» жедел алдын алу шарасы жүргізілді. 3 күн ішінде тәртіп сақшылары, прокуратура өкілдері және жеке сот орындаушылары әкімшілік айыппұлдарын төлемей жүргендерді анықтады.
«Соның нәтижесінде, бюджетке 17 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Айыппұлды уақтылы төлемегені үшін 199 адамның көлігі мамандандырылған тұраққа қойылды», - дейді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
Мәселен, полицейлер жол қозғалысы ережелерін 11 рет өрескел бұзған адамды анықтады. Оның көлігі қарызды толық өтегенге дейін арнайы тұраққа жеткізілген.
Сонымен қатар шара барысында 1000-нан астам азаматқа әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар екендігі хабарланды.