ШҚО полицейлері жолда қалған Беларусь азаматына көмектесті
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 31 наурызда таңғы сағат 06:30 шамасында «Алматы-Өскемен» тасжолының 783-шақырымында жүк көлігімен келе жатқан Беларусь елінің 24 жастағы азаматы ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жиегіне түсіп кеткен.
Жүк көлігі жыраға түссе, ал тіркемесі жолда қалып, трасса бойын толықтай жауып қалды. Осылайша, көлік кептелісі туындаған. Жүргізуші Аягөз аудандық полиция бөліміне хабарласып, көмек сұрады.
«Оқиға орнына жедел жеткен полиция капитаны Руслан Садыков, полиция лейтенанттары Заңғар Баяхметбай мен Қайрат Билялов мәселені шешудің оңтайлы шешімін тапты. Инспекторлар жүк тиегіш көлікті шақыртып, жүк көлігін жолға шығартқызды. 1 сағаттан кейін шетелдік азамат қайтадан сапарын жалғастырды», - делінген хабарламада.
Көлікке ешқандай материалдық залал келтірілмеген. Беларусь азаматы полиция қызметкерлеріне өз алғысын жеткізді.