ШҚО полициясы 27 млн теңгені неліктен тікұшақ қызметіне жұмсайтынын түсіндірді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті 27 млн теңгені тікұшақ қызметіне не үшін жұмсайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті мемлекеттік сатып алу порталында экипажы бар әуе көліктерін жалға беру қызметтерін сатып алу туралы хабарландыру орналастырылған.
Бұл мақсаттағы бөлінген қаражат мөлшері қосымша құн салығын есептемегенде 27 486 607 теңгені құрап отыр.
Осы ретте, департаменттің баспасөз хатшысы Татьяна Карпова ҚазАқпарат тілшісіне тәртіп сақшыларына тікұшақтың не үшін керек болғанын түсіндіріп берді.
«Мал ұрлығының, ормандардағы ағаштарды заңсыз кесу фактілерінің алдын алуға және көліктің жетуі қиын жерлерде браконьерлікпен күресу мақсатында тікұшақ қажет. Бұл жұмыс тиімділігін арттыра түседі», - деді ол.
Айта кету керек, департамент тікұшақты сатып алмайды, тек жалдайды.
Мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңген компания полицейлерге патрульдеу және профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында тікұшақпен ұшуды ұйымдастырып отыруы тиіс.