ШҚО прокуратурасы экологияға келтіріліп жатқан залалға қатысты талдау жүргізді
Прокуратураның алқа отырысында экологиялық заңнаманың сақталуы және осы бағытқа жауапты мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мәселелері талқыға салынды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев, құзырлы мемлекеттік мекемелердің басшылары, табиғат пайдаланушы ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
«Шығыс Қазақстан түсті металлургия мен тау-кен өндіру өнеркәсібін дамытудың зор әлеуетіне ие. Өңірде 600-ден астам кәсіпорын, оның ішінде 100-ден астам ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда бұл қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. Жүргізілген талдау көрсеткендей, өндірістік компаниялардың табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыруына және уәкілетті мемлекеттік органдардың экологиялық заңнаманы қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарына қарамастан, кемшіліктер орын алуда», - деді облыс прокуроры Алмат Байшолақов.
Оның айтуынша, ірі өндірістік кәсіпорындар болса да Жаңа-Бұқтырма және Жезкент кенттерінде «Қазгидромет» РМК атмосфералық ауаның жай-күйінің сапалы мониторингін қамтамасыз етпейді. Өскемен қаласында бақылау бекеттері тиісті жерлерде орналаспаған.
«Елді мекендер шегінде атмосфералық ауаға және көгалдандыруға қойылатын талаптарды реттейтін қажетті нормативтік-құқықтық актілер жоқ. Ауылдарды көгалдандыру жұмыстары ретсіз жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар 2022-2024 жылдарға арналған табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарына Өскемен, Семей және Риддер қалаларында атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі іс-шараларды енгізбеген», - деді А.Байшолақов.
Автокөліктер де экологияға айтарлықтай кері әсер етеді. Өңір аумағында тіркелген 342 мың көліктің 252 мыңы 10 жыл бұрын шығарылған.
«Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасымен прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алдына нақты міндеттер қойылды. Облыс әкімінің атына жалпы жағдай туралы ақпараттық хат жолданды. Өндірістік кәсіпорындарға қолайсыз метеожағдайлар күндері өндіріс көлемін және атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын азайту шараларын қабылдау ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», - деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі.