ШҚО шаруа қожалықтарында жыл басынан бері 70-тен астам өрт болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалықтарында жыл басынан бері 70-тен астам өрт шықты.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі шаруа қожалықтарындағы ғимараттар өте тез жанып кетеді. Өрт жақын маңдағы үйлер мен қора-жайларға таралуы мүмкін.
Осы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстандағы шаруа қожалықтарында 70-тен астам өрт шықты. Мұның себебі көбінесе отпен абайсыз жұмыс істеу, пешті жылыту және электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болды.
«Жылыту маусымы басталғалы ТЖД қызметкерлері 197 000-нан астам тұрғын үйді аралап шықты. Шаруа қожалық иелерімен кездесті. Сол кезде қауіпсіздік ережелері жіті түсіндірілді. Өрттің алдын алуға көмектесетін ережелер жазылған жадынамалар таратылды», - дейді департамент бастығының орынбасары Серік Амангелдин.
Оның айтуынша, отпен жұмыс істегенде барынша абай болу қажет.
«Үй-жайларда темекі шекпеңіз. Электр құрылғыларын оны дайындаған зауыттың нұсқауына сәйкес қолданыңыз. Электр желісін шамадан тыс жүктемеңіз, бір розеткаға бірнеше қуатты электр құрылғыларын қоспаңыз», - деп түсіндірді С. Амангелдин.