ШҚО Шолпан ауылындағы сары ауруға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мамандары қатысуымен құрылған арнайы комиссия Үржар ауданына қарасты Шолпан ауылындағы жұмысын қортындылады. Жұмыс қортындысы бойынша, 5 ай ішінде 12 бала гепатит А дертіне шалдыққаны ресми расталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
ШҚО ақпараттық орталығының хабарлауынша, арнайы комиссияны ШҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Нұрланғазы Ибраев басқарған. Комиссия құрамына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары енген. Республикалық комиссиямен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы да құрылғанын айта кеткен жөн. Оған басқарма басшысы Райфа Сафиоллинова жетекшілік етті.
Комиссия жұмысы барысында Үржар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ж.Б.Тілеуберлиннің БАҚ өкілдеріне балалардың А гепатиті жұқпасын жұқтыруына қатысты жаңылыс ақпарат бергені анықталды.
«2018 жылғы қаңтар айының 16 күні белгілі болған ақпарат келесідей: 2017 жылғы қыркүйек айы мен 2018 жылғы қаңтар айы аралығында науқаспен қарым-қатынаста болған 46 бала тексеруден өтті. Олардың 25-і аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған. Бөлімшеге жатқызылғандардың 12-сінде сары ауру диагнозы расталып отыр», - деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығынан.
Республикалық және облыстық комиссия Шолпан ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға тағы 19 адамның медициналық көмекке жүгінгенін анықтап отыр. Алайда аудандық аурухана басшылығының эпидемиологиялық жағдайға немқұрайлығы кесірінен ауданның қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына амбулатория басшылығы дереу мәлімет бермеген. Осының салдарынан 19 науқас ресми статистикаға енгізілмей қалған. Олардың барлығы дер кезінде амбулаториялық деңгейде емдеуден өткен. Қазіргі уақытта олардың денсаулығы қалыпты.
Комиссияға Шолпан ауылының тұрғындары тарапынан кәмелеттік жасқа толмаған баланы Үржар аудандық орталық ауруханасына жеткізу үшін және дәрі-дәрмек алу үшін ата-анасының ақша төлегені жайлы шағым түсті.
Қазіргі уақытта бір баланың қайтыс болуына байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Мамандар аталмыш ауылдағы марқұм болған қыз балада гепатиттің А түрі емес, фульминантты, яғни басқа ауыр түрі мен өткір бауыр некрозы болуы мүмкін деп отыр. Қорытындысы ІІБ тексеру амалдарынан кейін жарияланады.
Жалпы, тексеру нәтижесінде аудандық орталық аурухана басшылығы өрескел бұзушылықтарға жол берген: тұрғындарға медициналық көмек көрсету мен оның сапасын қадағалау немқұрайлы жүргізілген, санитарлық талап ережесі орындалмай, диагностика жасау мен емдеу хаттамасы сақталмаған, тіркеуге алу-есеп беру құжаттары дұрыс жүргізілмеген.
Анықталған бұзушылықтар бойынша таяу арада Үржар аудандық орталық ауруханасындағы жауапты тұлғаларға қатысты шара қолданылатын болады.
«Ал әзірге жұқпалы А гепатитіне қатысты облыс пен Үржар ауданында жағдай тұрақты. Шолпан аулына келер болсақ, науқастармен қатынаста болған 140 балаға жұқпалы А гепатитіне қарсы екпе жасалған. Барлық үйлер мен ауылдағы мектепке дезинфекция жасалып, ауыз судан 62 рет сынама алынып, таза екені анықталды», - деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығынан.