ШҚО тасжолдарында алғаш рет түрлі-түсті лазерлік бағдарлар қолданыла бастады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы екі республикалық маңызы бар тасжолда жүргізушілерге түнгі уақытта және қолайсыз ауа райында жолды бағдарлауға көмектесетін лазерлік қондырғылар орнатылды.

ШҚО тасжолдарында алғаш рет түрлі-түсті лазерлік бағдарлар қолданыла бастады
Фото: Kazinform

Жаңа жүйе Қалбатау-Майқапшағай тасжолының Тұғыл ауылы маңындағы және Алматы-Өскемен тасжолының Алмасай ауылы маңындағы учаскелеріне енгізілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалынан мәлім етті.

Енді қараңғы уақытта жол бойына арнайы жарық сызықтары проекцияланады. Олар әсіресе ұзақ әрі бірсарынды жол учаскелерінде жүргізушілер үшін визуалды бағдар қызметін атқарады.

— Лазерлік бағдарлар жүргізушілерге қозғалыс траекториясын дәл сақтауға көмектеседі. Мұндай жарық сигналдары кәдімгі жол таңбаларына қарағанда жылдам қабылданады, соның арқасында жол жағдайына дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік туады, — деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.

Мамандардың айтуынша, бұл жүйе әсіресе жаңбыр, тұман, қар жауу секілді көріну деңгейі төмендеген жағдайларда тиімді. Өйткені сондай кезде жол таңбалары анық көрінбей қалады.

Еске салсақ, осыған дейін Ақмолада жол апаты кезінде жоғары кернеулі электр желісі зақымданғаны хабарланған.