ШҚО тауларында жарылыс жасалып, 37 мың текше метр қар түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО тауларында жарылыс жасалып, 37 мың текше метр қар түсірілді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қар көшкінінің алдын алу шарасы бүгін «Өскемен-Таулы Үлбі-Солтүстік» тасжолының учаскесінде жүргізілді.

«Бірнеше жарылыс нәтижесінде барлығы 36 850 текше метр қар түсірілді. Өңірдегі профилактикалық көшкін түсіру жұмыстары бірнеше күн бойы жалғасып жатыр. Облыстың таулы жерлерінде көшкін жүру қаупі әлі де жоғары», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына күн райы қолайсыз болғанда алыс сапарға шықпау қажеттігін, қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда бірден 112 нөміріне қоңырау шалу керектігін ескертеді.

Еске салсақ, 7 қаңтар күні облыс аумағында 3 рет қар көшкіні жүріп, жолдарды басып қалған болатын.





Фото: ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті