ШҚО трассасында бір адам көз жұмып, үшеуі зардап шекті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан 1 адам көз жұмып, үшеуі зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 15 қарашада сағат 08:10 шамасында болған.
«Mercedes Benz E220» маркалы автокөлікті тізгіндеген 36 жастағы азамат жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырып жіберіп, «Өскемен-Семей» тасжолының 65 шақырымында рульге ие бола алмай қалды. Соның салдарынан аударылып түскен көлік жыраға құлаған», - делінген ақпаратта.
Жол апатынан 66 жастағы зейнеткер тіл тартпай кетті. Ал жарақат алған жүргізуші мен 47 және 23 жастағы екі жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалған.