ШҚО тұрғындары саны көбейіп кеткен құндыздар ағаш қалдырмай ма деп үрейленеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тұрғындары құндыздардың ағаштарды жиі кеміріп жүргенін айтты.
Әлеуметтік желіде Ұлан ауданы Баяш Өтепов ауылында түсірілген видео тарап кетті. Онда көрінгендей, Сібе көліне апарар жолдың бойындағы шағын өзен жағасында кемірілген ағаштар құлап жатыр.
— Жаз шыққанда жасыл желекке оранып, құлпырып тұратын бұл жерде ештеңе қалмайтын түрі бар. Себебі құндыздар қаптап барады. Олар ағаштарды кеміруін қояр емес, — дейді ауыл халқы.
Осыған қатысты Алмасай ауылдық округінің әкімдігінен жауап берді.
— Құндыздар санының біршама өскені рас. Десе де бұл жерде құндыздар бұрыннан өздеріне бөгет жасау үшін ағаштарды кеміріп, құлатып тастайды, — делінген ақпаратта.
Алайда әзірге құндыз санын реттеуге қатысты ақпарат берілмеді.
Еске салсақ, былтыр Шығыс Қазақстан облысында құндыздар Тайынты өзенін тасытып жібере жаздаған болатын.