ШҚО тұрғындарын алдап, 106 млн теңге пайда көрген екі алаяқтың жазасы қатаңдатылды

Өскеменде белгілі спортшыны атып кеткен ер адамның жазасы қатаңдатылды
Фото: freepik.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының 24 тұрғынын алдап, 106 млн теңге пайда көрген екі алаяқтың жазасы қатаңдатылды.

ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, екі ер адам өңір халқына қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Оларға бұл қылмыстық схеманы «Телеграмм» арнасы арқылы шетелдік азаматтар үйреткен. 

«Халықты алдап тапқан ақшаны екеуі Өскемен қаласында орналасқан 2-ші дәрежелі банктердің банкоматтары арқылы шешіп, сол шетелдіктердің шотына аударған. Өздеріне тек 10 пайызын қалдырып отырды. Осылайша, айыпталушылар 24 адамды тұзаққа түсіріп, оларды 105 844 199 теңгеге шығынға батырған», - делінген ақпаратта. 

Ер адамдардың бірі есірткіге тәуелді болғандықтан ірі мөлшерде психотроптық зат сатып алғаны анықталды. Соттың бірінші сатысында сотталушыларға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Алайда жәбірленушілер бұл шешіммен келіспей, жазаны қатаңдату үшін апелляциялық шағым түсірді. 

«Апелляциялық сот жасалған қылмыстың ауырлығын, залалдың өтелмеуін және әлеуметтік осал санаттағы адамдардың зардап шегуін ескеріп тағайындалған жазаны өзгертті. Сот қаулысы бойынша айыпталушылардың бірі 7 жылға, екіншісі 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырғандардан 40 млн теңге сыйақы алған ХҚО қызметкерлері сотталғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар
telegram