ШҚО тұрғыны 30 жылдан астам уақыт еш құжатсыз өмір сүрген

жеке куәлік
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 30 жылдан астам уақыт бойы еш құжатсыз жүрген.

ШҚО полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, Тарбағай ауданының 56 жастағы тұрғыны отыз жылдан астам уақыт бойы өзінің жеке басын растайтын құжатсыз жүрген.

Оның туу туралы куәлігі болған, бірақ ата-анасының екеуінен де ерте айырылған соң құжаттарын уақытылы реттейтін ешкім болмаған.

Ал кәмелет жасына толғаннан кейін құжаттарды ресімдемей жүре берген.

«Полицейлер ер адамға қажетті құжаттарды жинауға көмектесіп, туу туралы куәліктің телнұсқасын жасатты. Сонымен қатар оның КСРО ыдырағаннан кейін ешбір елдің азаматтығын алмағаны анықталды. Барлық қажетті құжатты жинағаннан кейін көші-қон қызметінің мамандары ауыл тұрғынына Қазақстан Республикасы азаматының алғашқы жеке куәлігін табыс етті», — делінген ақпаратта. 

Енді Тарбағай ауданының тұрғыны әлеуметтік және медициналық қызметтерді еш қиындықсыз алып, зейнетақы қорына тіркеле алады.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан полицейлері осындай жағдайға тап болған 28 азаматқа көмектескен. 

Соңғы жаңалықтар