ШҚО тұрғыны үйінде 35 келі қарасора өсірген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында үйінде қарасора өсірген ер адам ұсталды.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары қарасораны заңсыз өсіру және сақтау фактісін анықтады. Глубокое ауданының 48 жастағы тұрғыны ұсталды.
— Үй мен шаруашылық қора-жайларды тінту барысында полицейлер кептірілген өсімдік бөліктері мен 40 түп бұтаны тапты. Сараптама тәркіленген заттардың есірткі құралдарына жататынын растады. Негізгі тәркіленген зат бақшадан табылды. Үй маңындағы аумақта полицейлер тағы 156 түп қарасораны анықтады, — делінген ақпаратта.
Тәркіленген заттың жалпы салмағы 34,9 келіні құрады. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен тұрғыны жылыжайда қарасора өсіріп келгені хабарланған.