ШҚО тұрғындарынан жыл басынан бері заңсыз сақталған 121 қару тәркіленді
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары заңсыз қару-жарақ айналымына тосқауыл қою мақсатында бірқатар шараны қолға алған. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері 121 атыс қаруы тәркіленді. Оның ішінде 16 ойық, 82 тегіс ұңғылы қару, 16 шолақ мылтық, 7 тапанша, 2 граната және 1488 оқ-дәрі бар.
«Мәселен, Бұқтырма су қоймасы жағалауында орналасқан демалыс базаларының бірінде жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Өскемен қаласының 31 жастағы тұрғынынан травматикалық тапаншаға ұқсас зат табылды. Сараптама көрсеткендей, бұл 18х45 мм калибрлі «ОСА» кешенінің ПБ-4-1 МЛ үлгісіндегі тапаншасы. Қару жарық, шу және жарақат салатын патрондармен ату үшін жарамды», - делінген ақпаратта.
Жауап алу кезінде ұсталған азамат қаруды оған мас күйде болған 29 жастағы досы бергенін айтты. Көп ұзамай полицейлер оны тапты. Тексеру барысында күдіктінің бұрын бірнеше рет сотталғаны анықталды. Ол өз кінәсін мойындап отыр.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы баптың санкциясы бойынша ер адам 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осы ретте, Полиция департаменті ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-бабына сәйкес заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.