ШҚО тұрғыны түйнемеден көз жұмды: Мал етін шығаруға тыйым салынды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қалалық инфекциялық ауруханасына түйнеме белгілерімен түскен науқас бүгін көз жұмды. Осыған байланысты Қатонқарағай ауданының Кіші Нарын ауылында карантин жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

19 қыркүйек күні санитарлық авиацияның көмегімен Қатонқарағай ауданынан облыс орталығына жеткізілген тұрғын бүгін қайтыс болды. Оның түйнеме ауруынан көз жұмғаны расталды. Кіші Нарын ауылының тұрғынына індет өзі сойған тайынша етінен жұқты деген күдік бар. Ауру белгілері марқұмның денесінен бір аптадан кейін біліне бастаған. Әуелі аудандық инфекциялық аруханаға түскен науқас кейін Өскеменге алдырылған болатын. Ол малдың етін ауылдастары да тұтынған болып шықты.

Ауыл тұрғынының түйнемеден көз жұмғанын эпидемиологтар ресми растады.

«Марқұмның диагнозы нақтыланды. Қазір облыстық Ветеринария басқармасының басшыларымен бірге Қатонқарағай ауданында жүрміз. Ауру малдың етін сатып алған 35 адамды жіті бақылауға алдық. Әзірге олардың ешбірінен ауру белгілері байқалған жоқ.  Десе де күніне екі мәрте тексеріп отырамыз. Кіші Нарын ауылында бүгіннен бастап 14 күн бойы етті шығаруға немесе кіргізуге болмайды. Карантиндік мерзім барысында назардағы 35 адамның денсаулығын бақылауда ұстаймыз. Қазір қайғылы оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін кешенді тексеру басталды. Аудандық ветеринария қызметінің жұмысын мұқият тексеретін боламыз» - деді ШҚО бойынша Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменов агенттік тілшісіне.

Көз жұмған азаматты жер қойнына тапсыру рәсімі ертең Кіші Нарын ауылында өтеді.

«Карантиндік талаптар бойынша марқұмның жерлеу рәсіміне ешкім қатыстырылмайды. Ал бейіті бетондалып, залалсыздандырылады», - деді Ғазез Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар