ШҚО тұрғынының көлігінен заңсыз ауланған 8 қап балық табылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында тұратын ер адамның көлігінен заңсыз ауланған 8 қап балық табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында «Алматы-Өскемен» тасжолының 970 шақырымда «Тойота» маркалы автокөлікті тоқтатты.
«Бородулиха ауданының 43 жастағы тұрғыны Көкпекті ауылынан Семей қаласына жол жүріп бара жатқан. Тексеру барысында оның көлігінен заңсыз ауланған 8 қап балық табылды. Шортан, мөңке, торта, табан, алабұға балықтарының жалпы салмағы – 131,8 келі. Белгілі болғандай, ер адам балықты Семейге сату үшін апара жатқан», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 335-бабы 1-бөлігіне (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

