ШҚО түрмелеріне қажетті жылу қазандықтарының құрылысы 5 жылдан бері қаңтарылып тұр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында 2013 жылдан бері тұралап тұрған жаңа жылу қазандығының құрылысы қайта жандануы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарма ауданындағы бірнеше түзеу мекемесі орналасқан Шуақ ауылына жаңа жылу қазандығы қажет екені 2010 жылы белгілі болған еді. Тозығы жеткен, ескі қазандықта апат болып, ауыл бір ай бойы жылусыз қалған болатын. 2011 жылы ескі қазандықты жаңалау туралы шешім қабылданып, жаңа нысанның құрылысы басталды. Жоба құны сол тұста 2,7 млрд теңгеге бағаланған. Мердігер компания бұл ақшаны 2013 жылдың ортасына дейін игеріп, әрқайсысы сағатына 6,5 Гкал жылу өндіретін үш қазандық орнатуға міндеттелді. Алайда, межелі уақытта құрылыс бітпей, іс сотқа берілді. Салдарынан Шуақ ауылы әлі де ескі қазандыққа кіріптар күйде отыр.

Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш нысанға бас сұғып, ішіндегі қондырғылардың жағдайымен танысты. Құрылысты аяқтап, қазандықты қолданысқа беру үшін қосымша қаражат керек. Оның көлемін тәуелсіз сарапшылар 500-800 млн теңгенің арасында бағалап отыр.  Ауыл шетінде қаңырап қалған құрылысты көлденең көк аттылар тонап кетпес үшін аудандық әкімдік оны күзетке алған.

«Қондырғылардың бәрі жақсы сақталғанға ұқсайды. Жобаны аяқтау үшін сметасын жаңалау қажет» - деді Даниал Ахметов.

Бұл қазандық Шуақ ауылындағы түзеу мекемелерімен қатар, ондағы қызметкерлердің баспанасын жылытатын болады. Нысанның нақты жағдайын анықтау үшін техникалық зерттеу жүргізілмек. 

«Аудандық бюджетке нысанды техникалық тұрғыда зерттеп, жобалық-сметалық құжаттарына түзету енгізу үшін 20 млн теңгенің тапсырысын түсірдік.  Құрылысты аяқтауға нақты қанша қаражат керектігі сол кезде белгілі болады» - дейді аудандық Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рауан Баилов.

Соңғы жаңалықтар
telegram