ШҚО туроператорлары табиғи нысандарға апаратын көлік жолдарын жауып тастауды талап етті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы туроператорлар Қиын Керіш шатқалы, Шекелмес мүйісі мен Радон көлі сынды табиғаты тамаша жерлерге апаратын көлік жолдарын жауып тастауды талап етті. Олардың айтуынша, көліктердің арлы-берлі жүруінен табиғатқа залал келіп жатыр.

Киин-Кериш
Фото: Сымбат Рамазанов

ШҚО кәсіпкерлер палатасында өткен туризм кеңесінің отырысында туроператорлар табиғи нысандарға апаратын жолдарды жабу туралы бастама көтерді. Олардың айтуынша, бұл тарихи әрі көрікті жерлерді болашақ ұрпаққа сақтап қалудың бірден-бір жолы. 

ВКО
Фото: Сымбат Рамазанов

- Қиын-Керіш пен Шекелмес «жабайы» туристердің көптеп келуінен орасан зиян шегіп жатыр. Әлеуметтік желі үшін ерекше фотосуретке түсемін деген адамдар сазды беткейлер мен шатқалдарға көлікпен шығып кетеді. Бұл бірегей ландшафтты бұзады. Үңгірлер қоқысқа толып, жолдар қирап барады. Облыстың визиттік карточкасына айналған жерлерді өзіміз құртып жатырмыз, - дейді «Вояж – Алтай Казахстан» ЖШС директоры Ирина Клиновицкая.

вко
Фото: Сымбат Рамазанов

Риддер іргесіндегі 2000 метрге жуық биіктікте орналасқан Радон көліне баратын жолда да күрделі жағдай қалыптасқан. Бұрын бұл бағытта кәсіби жүргізушілер ғана қатынайтын. Алайда қазір осы жердің танымалдығы артқан сайын халық жапа-тармағай келе беретін болды. 

- Соның салдарынан жол бұзылып, топырақ эрозиясы күшейіп, өзен арнасы бұрылды. Бұған тосқауыл қойылмаса, көп ұзамай жаяу да жете алмай қаламыз, - дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм жөніндегі кеңес төрағасы Сымбат Рамазанов.

Радоновое озеро
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Жиынға қатысушылар табиғи нысандарға кіреберіс жолды бетон блоктармен жауып тастап, тек жаяу жүргіншілер өте алатындай қылуды ұсынды. Енді туроператорлар биліктің шешімін күтіп отыр.

- Біз бұл ұсынысты қарастыруға дайынбыз. Табиғатты сақтап қалу маңызды деп санаймыз. Бірақ ол жаққа баруға толықтай тыйым салу мүмкін емес. Десе де жаяу жүретін маршруттарды әзірлеуге болады. Көліктерді не істеу керектігін ойластырамыз», - дейді ШҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов.

Шекелмес
Фото: Сымбат Рамазанов

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайта түсетіндігі хабарланған

Соңғы жаңалықтар