ШҚО ұстаздары қашықтан оқыту форматына дайын
«Оқушылардың тізімін алдым. Әр баланың қай балабақшаға барғанын және кімнің қандай қызығушылығы барымен таныстым. Сонымен қатар балғындардың осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерін қарап, жаңа лайфхак ойлап таптым. Лайфхак бойынша әр баланың аты-жөнін фотосуретіне жазып қойдым. Осылайша бейнеқоңырау арқылы тілдескен сәтте әр баланың есімін атаймын. Бұл жай нәрсе болып көрінгенімен, бірінші сынып табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршін үшін өте маңызды», - дейді Динара Жаманбалинова.
Бірінші сыныпқа баратын балалардың бәрі үй жағдайында білім алмайды. Ата-аналардың өтініші бойынша «кезекші сыныптар» жұмыс істемек. Онда 15 баладан артық қабылданбайды. Мектепте барлық қауіпсіздік шаралары сақталады. Қазір педагогтер онлайн режимнен бөлек, штаттық режимде білім беру үшін сабақ кестесін ыңғайластыруда.
«Төртінші тоқсанмен салыстырғанда, осы жолы мектеп ұжымы мен әкімшілігіне қашықтан сабақ беруге дайындалуға уақыт болды. Биылғы оқу жылында мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздар мен техникаларды ауыстырып қана қоймай, жаңа оқыту жүйесін пысықтап үлгердік. Жаз бойы педагогтар вебинарларға, тренингерге, конференцияларға қатысып, білімдерін шыңдады. Барлығы індет кезіндегі дұрыс оқытудың маңызы зор екенін бір кісідей түсінеді», - деді Дарынды балаларға арналған мамандандырылған валеологиялық мектеп директоры Наталья Ахаева.
Енді кітап пен дәптердің орнына оқушылар үшін смартфон мен компьютердің болуы өте маңызды. Мұғалімдердің көмегі арқылы балалар арнайы бағдарламаны жазып, сол бойынша үй тапсырмасын орындап, білім алады. Тапсырманы дұрыс орындаудан бөлек, дедлайнды сақтау маңызды. Әрбір сабақ бойынша берілген тапсырманы орындауға регламент белгіленеді. Кейін сол бойынша балаларға баға қойылады. Сондықтан қашықтан оқу барысында босаңсуға болмайды.
Мектеп психологы Марина Зажигинаның айтуынша, баланың бақылаусыз қалып, босаңсуына жол бермей, оның оқуға деген жауапкершілігін арттыру керек.
«Сыныптың ортақ чатында әрбір баламен жеке сөйлесу қажет. Балалар сағат 8.15-те байланысқа шығуы тиіс. Онлайн сабақ барысында әрбір баламен жұмыс жүргізіледі. Егер оқушы пәнді оқыту кезінде барлығын түсінсе, + белгісін қою тиіс. Бұл балаларға олардың әрдайым бақылауда екенін ұғынуға мүмкіндік береді», - деді Марина Зажигина.