ШҚО: жер үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 43 мыңға жуық факті тіркелді
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша қаңтар айында 50 өрт болды. Соның салдарынан 3 адам көз жұмған.
Пеш пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзудан – 16, электр жабдықтарын пайдаланған кезде қауіпсіздікті сақтамаудан – 15, отты абайсыз қолданудан – 9 рет өрт шыққан.
«Жағдайды тұрақтандыру үшін құтқарушылар тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы жылдың басынан 16 549 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 27 096 адамға қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтар берілді. Ал жылыту маусымы басталғалы бері 163 996 рейд жүргізіліп, 218 628 тұрғын қамтылды. Жер үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 42 820 фактісі тіркелді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне де бақылау жүргізілуде. Қаңтар айында 24 рет рейд ұйымдастырылған.