Шілде айында сот орындаушылардың жұмысын бағалайтын жасанды интеллект іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына жолдаған жауапта сот орындаушылардың цифрлық ассистентіне қандай функциялар берілетінін мәлім етті.

— Сот орындаушыларының әрекетін автоматтандырып, атқару органдарының бірыңғай ақпараттық жүйесінде бақылау және форматтық логикалық функцияларды енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Атқарушылық іс жүргізудің мүдделі тараптарына, сондай-ақ уәкілетті органға қабылданған процестік шешімдерді қадағалауға мүмкіндік беретін «цифрлық ассистент» функционалы әзірленіп жатыр, — деп жазылған жауапта.
Бұл жүйе жасанды интеллект көмегімен сот орындаушылардың әрекетін бағалауға мүмкіндік бермек.
— Өз кезегінде функционал атқарушылық іс жүргізу бойынша статистикалық деректерді алуды, мерзімдер мен қабылданған шараларға бақылау жүргізуді, азаматтардың шағымдарын автоматты түрде талдауды және бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Одан бөлек, «жасанды интеллект» элементтерін қолдану сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізу жөніндегі іс-әрекетін уақтылы бағалауға мүмкіндік береді. Осы функционалда жасанды интеллект элементтерін қолдану шешім қабылдауға субъективті фактордың әсерін азайтуға, сот орындаушыларының іс-әрекетінің ашықтығын арттыруға және азаматтардан түсетін негізделген шағымдардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Тиісінше, атқарушылық іс жүргізуге қатысы бар жеке және заңды тұлғалар өздерінің дәлелдерін жүйеден алынған мәліметтермен растай алады, — дейді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының мәліметіне қарағанда талған пилоттық жоба шілде айына жоспарланған және республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыруды талап етпейді.
Еске салсақ, сәуір айында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Сот орындаушылар «Отбасы банк» салымшыларынан 3,4 млрд теңге жымқырғаны мәлім болған еді.