Шөберелерімізге де қызмет ететін жол салдық – ҚР Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2020 жылға дейін 17 мың шақырым заманауи жол салынады. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің жер көлеміміз өте үлкен, 2,7 млн шаршы шақырымды құрайды, әлемде 9-шы орындамыз. Осы ұлан-ғайыр жерде жолдың бәрі Кеңес Одағына қарай салынған. Өңірлер бір-бірімен жолдар арқылы жалғанған жоқ болатын. Мен сондықтан инфрақұрылымдық бағдарлама жайында айттым. Соңғы 5 жылда бүкіл Қазақстан бойынша біздің шөберелерімізге де қызмет ететін 4500 шақырым мүлдем жаңа темір-бетонды жол салдық. Тағы да жалғастыра береміз. 2020 жылға дейін Қазақстанда 17 мың шақырым заманауи автомобиль жолы салынып, жөнделетін болады», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, мұндай жолдар өңірлер арасындағы байланыстарды жылдамдатып, тауар құнының төмендеуіне септігін тигізетін болады.
«Біз 2500 шақырым темір жол салдық. Естеріңізде болса, бүкіл Кеңес Одағы Байкал-Амур магистралін саламыз деп шулаған болатын. Ол кезде одақтық үкіметтің мүшесі едім. Ол небәрі 400 шақырым жол ғана. Бүкіл Кеңес Одағы жұмылдырылды. Біз дабыра қылмай, айғайламай-ақ салдық. Енді келесі кезекте облысішілік, ауданішілік жолдарды қарау керек. Егер жол үйіңе дейін жетпейтін болса, онда оны жол деп мойындамаймыз. Бірақ, қызығын көріп жүрміз», - деді Елбасы.
ҚР Президенті ұзақтығы шамамен 3 мың шақырым болатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының аумағын басып өтетіндігін айтты.
«Қашан мұндай жолмен жүріп көріп едіңіздер? Ешқашан жүрген жоқсыздар», - деді Н.Назарбаев.