Шоған абыз туралы жаңа кітап жарық көрді
АЛМАТЫ. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда 23 тамыз күні «Шоған абыз - тарихи тұлға» деп аталатын кітаптың тұсаукесер рәсімі өтеді.
Оның авторы ұзақ жылдар бойы еліміздің қоғамдық тәртіп сақтау саласында абыройлы қызмет атқарған құрметті зейнеткер, запастағы полиция полковнигі Ілияс Қындыбай. Тарихи деректер мен дәйектерге сүйенген Ілияс Дәркембайұлы бұл еңбегінде бұған дейін дүдәмәл болып келген кейбір тұстарды ашып көрсетуге ұмтылған. Кітаптың тұсаукесеріне белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен тарихшылар және Шоған абыз ұрпақтары қатысады деп жоспарланып отыр.
Шоған Сүйерқұлы 1584-1642 өмір сүрген қазақтың атақты биі. Бала кезінен-ақ алғырлығымен көзге түскен ол 14 жасынан бастап ел басқару ісіне араласып, билік айта бастайды. Көбінесе өзінің туып-өскен ортасы Ташкенттің Шыршық жағы мен Шымкенттің бұрынғы Қаратас, Тұрбат, Қазығұрт баурайындағы ауыл-кыстақ, қалаларда тұратын елдің арасында билік айтқан.